ТҮРКІСТАН КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

21 Қазан, 2019

ТҮРКІСТАН КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппаратық мәжілісте қадап айтты. Қазір шаһардың тең жартысынан астам аумағында газ құбырлары жүргізіліп қойған. Құзырлы мекеме қызметкерлеріне халыққа көмірден гөрі, көгілдір отынды қолданған экологиялық әрі қаржы жағынан тиімді екендігін түсіндіру және қамтамасыз ету тапсырылды.«Қаланы секторларға бөліп, жылыту маусымына дайындықты күшейту керек. Түркістан қаласын газбен қамту, көгалдандыру және экологиялық жағдайын жақсартуды мықтап қолға алу қажет. Арыс тәжірибесін қолданып, сапасына қатысты талапты да дәл сол деңдейде жүргізуіміз керек»,- деді Өмірзақ Естайұлы жиналыс барысында.Отырыста Арыс қаласындағы құрылыс және зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жайлы соңғы мәліметтер айтылды. Қараша айының басында құжат рәсімдеу және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Ендігі күш Түркістан қаласын көркейтуге бағытталмақ. Өткен демалыс күндері Түркістан облысында жалпыхалықтық сенбілік өтіп, 22 мыңға жуық көшет отырғызылған болатын. Өңірді көгалдандыру мақсатында Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» қалыптасып келеді. Жалпы Түркістан облысы бойынша 1,3 миллионнан астам ағаш егіледі. Мәжілісте экологиялық ахуал да сөз болды. Өмірзақ Шөкеев өңірді күл - қоқыстан тазартып, тазалықты сақтауды жергілікті басшыларға көзден таса қалдырмай, қадағалауды тапсырды. Жиында облыстағы орман және аңшылық шаруашылығына қатысты мәселелер ортаға салынды. Мамандар сексеуілдің сиреп бара жатқанына алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты алдағы уақытта нақты шаралар жүзеге асырылады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі