ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ ҚАТАРЫ АРТУДА

03 Қыркүйек, 2019

Түркістан тұрғындары үшін қоғамдық көліктер мәселесі әрдайым жіті назарда. Облыс орталығында сапасы сын көтермейтін автобустардың сапасын арттыру – бүгінде бір жүйеге тұрақтап келеді. Нақтырақ айтсақ, халықты қоғамдық көліктермен қамтамасыз етіп отырған «Жолаушы» ЖШС-нің көлік саны артты. Жыл басында қаладағы қоғамдық көліктердің қатары 16 автобуспен толыққан болатын енді олардың қатарына жуырда Қытай елінен әкелінген «Yutong» маркалы 5 автобус қосылды.

Шаһардағы автобустардың барлығы облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сай бірыңғай жасыл түспен боялған.  Сондай-ақ, Түркістан қаласының логотипі белгіленген. Ұзындығы 8,5 метр. Сыйымдылығы 28 орындық, қосымша 30 адамды мінгізуге қауқарлы. Автобус ішінде жарнамалық экран мен желдеткіш қойылған. Сонымен бірге, қоғамдық көлік пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін әрбір аялдама арнайы жүйе арқылы хабарланып отыратын болады. Тіпті, алдағы жылдарда жол ақысын төлеуді цифрландыру ісі бір жүйеге келеді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау үшін артқы есігіне пандус қоюды да қарастыруда. Жаңа автобустар екі-үш күннің ішінде №5, №7, №30, №31 бағыттарында жолаушыларды тасымалдайтын болады.

 «Жолаушы» ЖШС-і мекемесінің жаңалығы мұнымен таусылмайды. Бүгінде аталмыш мекеме «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» бір мәміледе жұмыс істеуде. Демек, жыл соңына дейін Қазақстанда жасалған «Сарыарқа АвтоПром» автозауыт базасынан су жаңа 36 автобус пайдалануға берілмек. Олар шаһарға кіретін 5 бағытты қамтитын болады.

ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ