ТҮРКІСТАН ӘКІМІ СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫН ӨЗІ БАСТАДЫ

29 Шілде, 2019

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған тазалық акциясын Түркістан қаласы тұрғындары жалғастырды. Шаһар басшысы Рашид Аюпов қала тұрғындарына акцияның қаншалықты маңызды екенін айтып, Түркістанның таза қалаға айналуына сенім білдірді. Акцияның салтанатты ашылуынан кейін қала басшысы Рашид Абатұлы "Парасат" саябағы аумағында тазалау жұмысын алғашқылардың бірі болып өзі бастады. Қала жұртшылығы аталған акцияны толықтай қолдап, тазалық жұмыстарына кірісіп кетті.

«Парасат» саябағынан бастау алған игі шараға Түркістан облысы және қала әкімдігі, мәслихат депутаттары, мекеме ұжымдары, оқу орындары, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар, жастар, экологиялық белсенділер мен еріктілер қатысты. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, қала әкімі Рашид Аюпов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы акцияға қатысушыларға алғыстарын айтып, сәттілік тіледі.
- Қаламыздың әдемі болуы мен деніміздің сау болуының басты кепілі - тазалық. Бұл үлкен акцияны қолдағандарыңызға алғыс айтамын. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің тапсырмасымен қаланы көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте каналдар қазылып, аллеялар салынуда. Мұның барлығын таза ұстауға әкімдіктің қауқары жете бермейді. Халықпен тығыз байланыс жасап, әрбір жан оларды өз үйіндей көріп тазалығына атсалысса қаламыз одан әрі көркейе бермек. Мұндай сенбіліктер алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады, - деді қала басшысы Рашид Абатұлы.
Қаланың тазалығы, оның көркейіп көгалдануы - барлық тұрғынға ортақ міндет деген қағида ұстанған акцияға қатысушылар тазалық жұмыстарына кірісті. Айта кетейік апта бұрын Қоянды су қоймасында басталған бұл акцияда 10 тонна қоқыс тазаланған болатын. Игі істің шарапаты қаламыздың шырайын аша түспек.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі