ҚАЛА ӘКІМІ РАШИД АЮПОВ ТҮРКІСТАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

09 Шілде, 2019   Бірінші кездесу Бекзат мөлтек ауданының тұрғындарымен өтті. Р. Аюпов оларды қаланы дамыту жөніндегі жоспарларымен таныстырып, Түркістанды бірге көркейтуге шақырды. Тұрғындар әкімге өздерін толғандырған мәселелер туралы айтып, қаланы жақсарту жөнінде тілектерін білдірді. Негізгі мәселелер аурухана, мектеп құрылысы, қоқыс шығару және жолдарды жөндеу бойынша болды. 
   "Түркістан -Түркі әлемінің астанасы, облыс орталығы, туристерді тарту орталығы. Бұл дегеніміз, біз енді бұрынғыдай өмір сүре алмаймыз дегенді білдіреді. Сананы өзгерту керек. Қалаға өз үйіміз ретінде қарайық, бір-біріңізге және туристерге мейірімді болыңыздар. Бұл өмірді қалай сүріп, артымызда қандай із қалдыру – бұл өз таңдауымыз", - деді Р. Аюпов.