ОЗАТ ТҮЛЕКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

13 Маусым, 2019

 Бүгін «Парасат» саябағында «Алтын белгі 2019» «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін марапаттау рәсіміне арналған мерекелік кеш өтті. Өмірдің биік сатыларына қадам басқан ұл-қыздарының ерекше сәтіне ата-аналары да арнайы қатысты.

   Жас түлектердің өміріндегі елеулі күнде қала әкімі Ә.Өсербаев құттықтау сөз сөйлеп, түркістандық түлектердің қадамдарына сәттілік тіледі.

 «Өскелең ұрпақтың еркін білім, тәлімді тәрбие алуларына қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Соның нәтижесінде соңғы жылдары облысымыздың озат оқушылары республикалық, халықаралық білім сайыстарында биік белестерді бағындырып келеді. Биылғы жылы республиканың және әлемнің әр түкпірінен 100 деген оқушыларымыз медальдар алып қайтты. Сол табыстарды «Алтын белгіге» ие болған 65 түлек пен 25 «Үздік аттестат» иегерлері еселеп отыр. Әр мектептің даңқын оның шәкірттері шығарады. Бұл біздің қаламыздағы білім саласының жетістіктерге кенде емес екенін аңғартып тұр. Жас түлектерге сапарларыңыз сәтті болсын дей отырып, алдағы алар асуларыңыз биік, мұраттарыңыз асыл болсын демекпін!»,- деді Әліпбек Шәріпбекұлы.

 Шараның негізгі бөлігінде марапаттау рәсімен кезек беріліп, шаһар басшысы «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлеріне алғыс хаттар ұсынды. Сонымен қатар, 40 ұстаз қала әкімінің арнайы алғыс хатына ие болып, еселі еңбек ескерусіз қалмады.

 2018-2019 оқу жылында қалалық білім бөліміне қарасты 32 мектепте 1352 түлек алтын ұя мектебінен түлеп ұшты. Үздіктер қатарынан көрінгендердің арасында М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясы көшбастап 8 оқушысы алтын белгі алса, 6 оқушысы үздік аттестат иегерлері атанып отыр.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі