ПОШАНОВ КӨШЕСІ ЖАҢАША КЕЙІПКЕ ЕНЕДІ

12 Маусым, 2019

            Облыстың орталығы көне шаһар Түркістанды дамыту бағытында қаланың сәулеті мен келбетін жаңғырту басты назарда. Осы мақсатта облыс әкімінің  тапсырмасына сәйкес халық көп шоғырланған қаланың орталық көшелернің бойынан қоғамдық көгалдарды (скверлер мен аллеялар) көбейту бойынша бірнеше демалыс алаңшаларын салу жоспарланып отыр. Бұл әрине облыстың орталығында қала қонақтары мен тұрғындарына арналған қолайлы демалыс орындарын көбейтіп, қаланы суландыру мен көгалдандыру мақсатында жүргізілмек.

Бүгінде Тәуке хан даңғылымен қиылысатын Мырзахан Пошанов көшесіндегі аббаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 375 метрді, ені 19 метрді құрайтын көшені саялы демалыс орнына айналдыру жоспарланған болатын. Аталған көшенің 2625 шаршы метр аумағы көпшілікке арналған демалыс аллеясы болады. Онда субұрқақтар мен бастырмалар салынып, жасыл желекпен көмкеріледі.

 Екі жағында автокөлік үшін 3,5 метрлік асфальт  жол, жаяу жүргіншілер үшін аяқ жол, ағын су үшін арықшалар салынып, жиектастар қойылатын болады. Н.Оңдасынов кешеніне қарама-қарсы орналасқан қоғам қайраткер Мырзахан Пошановтың атындағы көше жаңаша келбетте абаттандырылатын болды.

 

                                                                                                                                                                                                               Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі