ҚОС ҮШЕМ КЕЛДІ ӨМІРГЕ

31 Мамыр, 2019
Жаңа облыс орталығы атанған Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталықта үшемдер дүниеге келіп, қасиетті қаламыздың мерейі арта түсті. «Екі дүниең абат болсын, Қос тойың қабат болсын» деп халқымыз айтқандай, екі жанұяның қуаныштары еселене түсті.
Қасиетті Рамазан айында екі ана үшем босанып, бүгін перзентханадан шығарылды. Бір айдың ішінде екі үшемнің өмірге келуі облыс орталығында алғаш рет тіркеліп отырғаны баршаны елең еткізіп, жақсылық жаршысына айналды.
Түркістан облыстық №3 перинаталдық орталықта босанған Динара Нарханова үш ұлды өмірге әкелді. 1-ші мамыр күні мерзімінен ерте босанған 27 жастағы келіншектің нәрестелері 1 820 гр, 1800 гр, 1730 гр болған. Дәрігерлер алғашқы кезде шараналардың жағдайы ауыр болғанын айтады. Оларды жасанды тыныстану аппаратына қосып, бір ай көлемінде денсаулықтарына ерекше күтім жасаған. Қазір жағдайлары жақсарып, салмақтары екі келіден асқан. Динара жолдасы Жахангер екеуі балаларының есімін Икрам, Ислам және Имран қойыпты. Бұған дейін бір қызы бар отбасының перзенттері осылайша төрт балаға көбейді. 
  «Үшем екенін екі айлығында білдім. Жолдасым екеуміз қатты қуандық. Төрт балалы болып, көпбалалы ана атанып отырмын. Перзенттерімді аман-есен босанып алдым. Дәрігерлерге алғыс айтқым келеді, бізге жақсы ем-дом жасап, жақсы қарады» дейді Динара Нарханова. 
Ал, екінші үшемдерді босанған Сайера Туклиева 29 жаста. Бірлік ауылында тұратын келіншек 27 мамыр күні босанған. Кесарь тілігі арқылы екі қыз бен бір ұлды өмірге әкелген жас ананың үйінде тағы үш перзенті бар. Үшемдерге жүкті екенімді бесінші аптада білдім. Үй-ішімізбен қуандық. Бастапқы жүктілік кезінде біраз қиналған кездерім болды. Бірақ ерекше күтім жасап, дәрігерлердің айтқанын тыңдадым. Есімдерін Фатима, Исмайл, Зухра деп қойдық. Осылайша өмірге үш перзент әкеліп, 6 ұл-қыздың анасы болып, батыр ана атандым. Алла тағалама осындай перзенттер бергені үшін ризамын.Гинеколог дәрігер Роза Қажыбаеваға алғысым шексіз, кесарь тілігімен ота жасап, перзенттерімді аман-есен қолыма ұстатты. Балаларым бірінен соң бірі шыр етіп дүниеге келгенде қатты қуандым.»,- дейді Сайера Туклиева. 
  Үшемдерді үйлеріне шығарып салу рәсімінде қос ана - Динара Нарханова, Сайера Туклиевалар мен олардың нәрестелеріне облыстық әкімдіктің атынан сый-сыяпаттар жасалды. Әр нәрестеге арба мен керуеттер, киім-кешектер мен ойыншықтар табысталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев сәбилердің алдағы уақытта да ерекше күтімге алынатынын айтты. 
«Қазіргі таңда нәрестелердің барлығының жағдайы жақсы. Бастапқы кезде салмақтары аздау болғандықтан, оларды дәрігерлер қарауларына алды. Медициналық күтім жасап, бүгін үйлеріне жақсы жағдайда шығарып жатырмыз. Бұдан былай әр отбасына медбике бөлінетін болады. Осы үшемдердің жағдайын қарап, бақылауда ұстап отыратын боламыз»,-деді Мұқан Егізбаев. 
 Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева мен қауымдастық мүшелері нәрестелерді шығарып салу бөлмесін безендіріп, үшемдердің үйлеріне аман-есен оралуларына жақсылыққа толы жағдайлар жасады. Атап айтсақ, іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері қос ана мен олардың нәрестелеріне керек-жарақтардың барлығын тарту етіп, бағалы сый-сияпаттар жасады. 
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде үш үшем дүниеге келген. Екі ана Түркістан қаласында, тағы бір ана Шымкент қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта босанған.
  Медицинада егіздер мен үшемдерге ерекше қарайды. Бұл қасиет ұрпақтан-ұрпаққа қан арқылы да жалғаса береді. Ана құрсағында екі немесе одан да көп шарананың пайда болуы жөнінде дәрігерлер үнемі зерттеулер жүргізіп келеді. Әрине, оны ең алдымен жаратылыс заңы деп қабылдаған жөн.
Түркістандықтарды қуанышқа бөлеген қос үшемдерге ұзақ ғұмыр тілейміз.
Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Мақала: «Түркістан» қалалық газетінің  Yassy-tur.kz сайтынан алынды.