«ТҮРКІСТАН МЕН САМАРҚАНД» АРАСЫН ЖАЛҒАЙТЫН АВТОБУС БАҒЫТЫ АШЫЛДЫ

18 Сәуір, 2019

Түркістан қаласынан былтырғы жылдың 10 желтоқсанынан бастап «Түркістан-Ташкент» бағытындағы алғашқы Халықаралық автобус бағыты жүргізілген болатын. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мақұлдауымен қуаныш еселеніп, «Түркістан-Самарқанд» шаһарларының арасын жалғайтын жаңа бағыт ашылды.

- Самарқанд қаласы туризмнің ордасына айналған қалалардың бірі. Тарихи шаһарлардың арасын жақындатқан бағыт арқылы Өзбекстанға саяхаттап келетін туристер легінің Түркістанға келуі артады деген сенімдемін. Және де бауырлас мемлекеттердің байланысының беки түсуіне ықпалы мол,-деді облыстық "Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Асан Жұмабаев. 
«Алтын орда» автобекетінен жолға шыққан алғашқы жолаушыларға ақжолтай тілеген түркістандықтар тарихи сәттің куәсі болды. Сапарға аттанғандардың арасында БАҚ өкілдері де бар. 
Автобус күнделікті сағат 19.00-де жолға шығып, Шымкент қаласындағы «Самал» автобектіне 30 минут аялдайды. Жол журу ақысы облыс орталығынан - 4000 теңге, Шымқаладан - 3000 теңге болып белгіленген. Жолдың ұзақтығы 590 километрді құраса, діттеген жерге он екі жарым сағатта жетуге мүмкіндік бар.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.