ТҮРКІСТАН – ҚАУІПСІЗ ҚАЛА

18 Сәуір, 2019

Қала көлемінде қылмыс деңгейін азайту мен құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан - қауіпсіз қала» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша үш бағытта іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қаладағы қылмыстылықты төмендету, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық саяси ахуалға әсер ететін өзекті мәселелерді шешу болып табылады. 

Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында осы аталған бағдарламаны насихаттау аясында «Түркістан – Ер Түріктің бесігі» атты іс-шара ұйымдастырылды. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетовтің әңгімелері тәрбиелік тағылымы орасан жиының маңызын аша түсті. 
Аға буынның айтпағы бір, шаһарымыздың дамуына үлес қосуға үндеу. Ең маңыздысы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөздің қадірін жете ұғындыру. Сонымен қатар, қалалық әкімдік пен прокуратураның бірлескен іс-шарасы шеңберінде қала прокуроры Р.Абдраимов бағдарламаның басты мақсаты мен бағыттарына тоқталды.
Кеш мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Түркістандық жас ақындар да туған жердің атын жырға қосып, жүрекжарды арнауларын оқыды.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі